Junior Eurovision: Қазақстанда ұлттық іріктеу басталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда «Junior Eurovision-2021» халықаралық байқауына ұлттық іріктеу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы «Балалар Евровидениесі-2021» халықаралық байқауына қатысуға 819 өтінім келіп түскен. Енді қазылар алқасы солардың ішінен үздік деген 30 қатысушыны анықтайды.

«Junior Eurovision» Қазақстанда балалар шығармашылғының халықаралық деңгейде дамуына шабыт беретін ауқымды жоба. Жеңістен бұрын халықаралық деңгейде Қазақстанның аты аталады, бұның өзі мәртебе. Екіншіден, жас өнерпаздарға қанат бітіретін дүбірлі дода. Елімізде өнерлі балалардың көптігі қуантады. Бүгінде жас өнерпаздардың талантын танытуға мүмкіндіктер жетіп жатыр, интернет кеңістігі де дамыған. Соңғы жылдары еліміз «Балалар Евровидениесінен абыроймен оралып жүріп жүр. Оған Ержан Максим мен Қарақат Башанованың жетістігі дәлел. Биыл да отандық өнерпаз ел намысын тиісті деңгейде қорғайды деген үміттемін», - деді қазылар алқасының мүшесі, елімізге танымал өнер қайраткері Қанат Айтбаев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, келесі кезеңге өтетін 30 қатысушының тізімі jevision.khabar.kz сайтында жарияланады. Және үміткерлерге онлайн дауыс беру бүгін түнгі 00.00-де басталып, 12 қазанға дейін жалғасады.

«Әділқазы ретінде мен үшін қатысуға қойылатын талап, оның дауыс диапазоны мен ырғағының болуы шарт. Сонымен қатар сахнада өзін-өзі ұстай білуі өте маңызды. Әрине әлемдік деңгейдегі жарыста ел намысын қорғайтын болғандықтан үміткерлерге қойылатын талап өте жоғары. Таңдау қиынға түсейін деп тұр, себебі талантты балалар көп. Әр қатысушы өз бетінше дарынды. Олардың репертуарлары да кең ауқымды. Бізге келіп жатқан әнші балапандар тек қазақ тілінде емес ағылшғын, француз басқа тілде ән орындап жатыр», - дейді әнші Мәдина Сәдуақасова.

«Junior Eurovision» халықаралық байқауына ұлттық іріктеудің ақтық сыны 6 қараша күні тікелей эфирінде көрсетілмек.

Еске салсақ, биыл 19-шы рет өтетін «Junior Eurovision» халықаралық балалар ән байқауы Франция астанасы Парижде өтеді. Және онда әлемнің 19 елінен талантты балалар бақ сынамақ. Қатысушы елдердің қатарында Қазақстан, Албания, Армения, Әзербайжан, Болгария, Франция, Грузия, Германия, Ирландия, Италия, Мальта, Нидерланды, Солтүстік Македония, Польша, Португалия, Ресей, Сербия, Испания және Украина бар.