Jusan bank атауын өзгертті

Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық Jusan bank-тің атауы ресми түрде «Alatau City Bank» АҚ болып өзгерді.

— 2025 жылғы 16 маусымда «First Heartland Jusan Bank» АҚ атауының «Alatau City Bank» АҚ болып ауысуының заңды рәсімінің аяқталғанын хабарлаймыз. «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ 2025 жылғы 16 маусымда атауының өзгеруіне байланысты банкті мемлекеттік қайта тіркеуден өткізді. Банк атауын ауыстыру бойынша іс-шаралар жалғасып жатыр. Оны іске асыру үшін біршама уақыт қажет болуына байланысты, жеке сервисте, ақпараттық жүйеде, коммуникацияда, қаржылық және басқа құжатта банктің жаңа атауы да, бұрынғы атауы да пайдаланылуы мүмкін, — деп түсіндірілген хабарламада. 

Сондай-ақ аталған банк мемлекеттің, клиенттер мен серіктестер алдындағы барлық міндетін орындауға ребрендингтің еш әсер етпейтінін хабарлайды.

Айта кетсек, биыл мамырда Jusan bank Қазақтелекомдағы үлесін 42 млрд теңгеге сатты. 

Еске салайық, өткен жылы сәуірде Jusan bank «Самұрық-Қазынадан» өз облигацияларын сатып алып, мемлекет көмегінің 100 миллиард теңгесін мерзімінен бұрын қайтарған болатын.