K-pop Оңтүстік Кореяға рекордтық деңгейде турист тартып отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл Оңтүстік Корея билігі елге келетін шетелдік туристер саны алғаш рет 20 миллионнан асып, жаңа рекорд орнатамыз деп отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігі The Korea Times басылымына сілтеме жасап.

Фото: Yonhap

Корея Республикасының Мәдениет, спорт және туризм министрлігінің алдын ала деректеріне сүйенсек, осы аптаның басында елге келген шетелдік туристер саны 18,91 миллионға жеткен. Бұл көрсеткіш былтырғы рекорд 18,94 миллионға жақын.
Министрлік қараша айында елге тағы 1,94 миллион турист келеді деп күтеді. Егер қазіргі үрдіс жалғаса берсе, қарашаның үшінші аптасында 20 миллиондық меже бағындырылады.

Былтырғы рекордқа жыл аяқталуына екі ай қалғанда жету елді үкіметтің жылына 23 миллион шетелдік турист тарту мақсатына жақындатады. Билік Оңтүстік Кореяның туристік тартымдылығының артуын корей поп-мәдениетінің бүкіл әлемге танымал болуымен, дамыған туризм индустриясымен және халықтың қонақжайлылығымен байланыстырады.

Қытай, Жапония, Оңтүстік-Шығыс Азия, Еуропа және Америка сияқты негізгі нарықтардың көпшілігінде туристік ағын артқан. Туристер Кореяның Сеулден басқа өңірлеріне де көптеп келе бастағаны айтылады.

Шетелдік туристердің шығындары өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47,7%-ға өсті. Негізгі шығындар сауда, тұру, медициналық және сауықтыру қызметтері болды.

Еске сала кетейік, қазанда Оңтүстік Кореяның BTS тобы Spotify платформасында рекорд орнатты.

Оңтүстік Корея қоғамдық орындарды күзетуге төрт аяқты роботтарды қолданады.