Кадрларды даярлаудың бірыңғай мемлекеттік саясатын әзірлеуге бизнес қауымдастық тең араласуы қажет - БҒМ

АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - Бизнес, мемлекет және колледждер әріптестігінің орнықты құқықтық және экономикалық тетіктері қажет. Бүгін Астанада «Кәсіби білім және бизнес: әріптестер диалогы» атты V халықаралық форумында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев осылай деді.

«Кадрларды даярлаудың бірыңғай мемлекеттік саясатын әзірлеу үдерісін бірлесіп бекіту қажет. Мұнда барлық тараптар, барлық кезеңдерде шешім қабылдауға тең қатысуы керек. Бұл үшін барлық тараптардың мүдделерін, міндеттерін және жауапкершіліктерін айқындау қажет. Осыған орай адами ресурстарды дамыту саласында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тұжырымдамасының жобасын ұсынамыз», - дейді Е.Иманғалиев.

Оның айтуынша, бұл тұжырымдама бекітілген жағдайда кадрлық қажеттіліктерді болжау жүйесін жолға қоюға септігін тигізбек.

«Бизнес, мемлекет және колледждер әріптестігінің орнықты құқықтық және экономикалық тетіктері қажет. Осыған байланысты министрлік техникалық және кәсіптік білім стратегиясын әзірледі», - деп атап өтті вице-министр. Стратегияда көрсетілгеніндей, елімізде кәсіптік білім беру кластерін құру көзделуде.