Қазір платформа телеарналар мен радиостанцияларды қамтиды. Келесі кезеңде оған келушілерді тарту және жайлы орта қалыптастыру үшін музыка қоятын кафе, мейрамхана, бар және басқа да мекемелер қосылады.
Алайда әр мекемені жеке-жеке тексеру жоспарланбаған. Қазақстан бойынша 500–600 мекеме кездейсоқ іріктеледі. Олар экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші (ЭҚЖЖ) негізінде таңдалады.
— Мекемелер кездейсоқ іріктеледі. Іріктеудің әділ әрі тәуелсіз болуы үшін құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарға тәуелсіз мекемелер таңдалады, — деп түсіндірді Сәбит Ахметов.
Іріктелген мекемелерде қандай музыка ойналғаны туралы мәлімет жиналады. Кейін осы деректер сол санаттағы басқа мекемелер үшін де негізге алынады. Соған сүйеніп, авторлар мен орындаушыларға төленетін сыйақы есептеледі.
Таңдалған мекемелер өздерінің іріктеуге енгенін біледі. Алайда басқа қатысушылар туралы ақпарат жарияланбайды.
Сәбит Ахметовтің айтуынша, жаңа жүйе кафе мен мейрамханаларды аралап тексерудің бұрынғы тәртібінен бас тартуға мүмкіндік береді. Бұған дейін құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың өкілдері мекемелерді өздері аралап, музыка ойнатылғанын тексеріп келген.
— Бұрын мұның бәрі қағаз жүзінде жүргізілетін. Жүйе ашық болмады. Қанша қаржы жиналғанын, оның авторларға жеткен-жетпегенін ешкім білмейтін. Ал жаңа платформа арқылы музыканың қай жерде, қанша рет ойналғанын және ол үшін қанша қаражат жиналғанын көруге болады. Осылайша жүйе барынша ашық болады, — деді ол.
QazCopyright платформасына қанша ұйым тіркелген?
Kazpatent мәліметінше, QazCopyright платформасы 2026 жылғы 25 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген заңнамалық өзгерістер негізінде жұмыс істейді. Оған мекемелер кезең-кезеңімен қосылып жатыр.
Алғашқы кезеңде радио, телеарналар, кабельдік және спутниктік телевизия операторлары қамтылды. 1 шілдеден бастап театрлар, филармониялар мен кинотеатрларды қосу басталды. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жүйеге кафе, мейрамхана, бар, караоке орындары және басқа да пайдаланушылар қосылады.
2026 жылғы 20 қарашадағы жағдай бойынша платформада 331 субъект тіркелген. Олардың қатарында 116 телерадиокомпания, құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын 13 ұйым, 141 мәдениет ұйымы, 46 автор мен құқық иесі және 15 өзге пайдаланушы бар.
Сонымен қатар платформадағы шығармалар тізіліміне 255 636 туынды енгізілген.
Жүйеде музыкалық туындылардың қанша рет ойналғаны тіркеледі. Авторлар, орындаушылар мен продюсерлер мобильді қосымша арқылы өз шығармаларының теледидар мен радиода қанша рет пайдаланылғанын көріп, әр орындалғаны үшін тиесілі сыйақы алады.
Платформа авторлық сыйақыны есепке алу, жинау, бөлу және төлеу үдерісін ашық жүргізуге арналған.
Бұған дейін Қазақстандағы кинотеатрлар, сауда ойын-сауық орталықтары мен мейрамханалар авторлық құқықтарды қорғауға арналған цифрлық платформаға қосылатыны хабарланған еді.