Министрдің сөзіне қарағанда, еліміздегі апатты мектептердің 93 пайызы және спорт залдары жоқ мектептердің 80 пайызы ауылдарда орналасқан екен. «Ауылдағы жоғары санатты мұғалімдер саны 11 пайызды құрайды. Бұл қаламен салыстырғанда екі есеге дейін аз. Сонымен қатар, қаладағы білім мен ауылдағы білім сапасының арасындағы айырмашылықты ұлғайып бара жатқан Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері мен халықаралық сарапшылар да растап отыр. Ауыл мектептерін бітірген жастар сапасы төмен білім алғандықтан жүйеден ысырылып қалып жатыр», - дейді А. Сәрінжіпов.
Оның айтуынша, бүгінгі күні 7 мың мектептің 75 пайызы ауылды жерлерде орналасқан. Олардың төрт мыңнан астамы шағын жинақты мектептер болып табылады. «Шағын жинақты мектептердің өзі аумағы үлкен, халқы аз елді мекендер үшін жүйелі проблема болып отыр. Ал осы проблеманы шешудің төрт негізгі жолы бар. Біріншіден, шағын ауылдардың балаларын ірі елді мекендерде тұратын орынмен, оқытумен қамту. Екіншіден, ірі мектептерде оқыту үшін балаларды тасымалдауды қамтамасыз ету. Үшіншіден, ресурстық орталықтарды құру. Төртіншіден, ақпараттық коммуникациялық технологияларды белсенді қолдану», - деді министр А. Сәрінжіпов.