Қалдықтарды өңдеу саласында 374 млрд теңгенің 68 жобасы мақұлданды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда коммуналдық қалдықтарды басқару саласын дамыту үшін жалпы құны 374 млрд теңгеге жуық 68 жоба мақұлданды. Бұл туралы Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Руслан Түкенов Астанада өтіп жатқан «Жасыл энергия және қалдықтарды қайта өңдеу» (GEWR’26) X Еуразиялық бизнес-форумында мәлім етті.

Фото: Алина Толеубаева/Kazinform

Оның айтуынша, коммуналдық қалдықтарды басқару саласын дамыту мақсатында 2024 жылдан бері Үкімет жеңілдетілген қаржыландыру тетігін іске қосты.

— Қазір жалпы құны шамамен 374 млрд теңгені құрайтын 68 жоба мақұлданды. Олар қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу нысандарын салуға, жаңғыртуға, сондай-ақ арнайы техниканы жаңартуға бағытталған. Бүгінде 116 млрд теңгеге 30 жоба қаржыландырылды. Соның ішінде 12 жоба іске қосылды, — деді Руслан Түкенов.

Оның сөзінше, министрлік қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыру жұмысын кезең-кезеңімен жалғастырып келеді.

Форумда қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамыту, инвестиция тарту және қайта өңдеу көлемін арттыру мәселесіне басымдық беріліп отырғаны да айтылды.

Айта кетейік, Қазақстан 2030 жылға қарай тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 40%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр.