Қалмұханбет Қасымов үздік полицейлерге мемлекеттік наградаларды тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күніне орай ҚР Ішкі істер министрі қызмет бабында ерен ерліктерімен, еңбектерімен көзге түскен үздік полиция қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ішкі істер министрлігінде Отан қорғаушылар күніне және Жеңіс күнін мерекелеуге арналған салтанатты іс-шара өткізіліп жатыр. Іс-шараға министрліктің басшылығы мен аппараттың жеке құрамы, ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері қатысуда.

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов шара барысында бірқатар қызметкерлерге мемлекеттік наградаларды табыстады.

Атап айтқанда, І дәрежелі «Даңқ» орденімен есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы директорының орынбасары А.Шаяхметов, Алматы қаласының ІІД бастығы С.Күдебаев және Алматы облысының ІІД бастығы М.Үрімханов ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталды.

ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Алматы қаласының ТЖД Өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметінің №2 өрт сөндіру бөлімшесінің қарауыл бастығы М.Құлназаров және ҚР Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінің командирі С.Шекарбеков марапатталды.

Қызмет өткеру барысында ерлікпен қаза тапқан Астана қалалық ІІД жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полкінің полицейі Д.Төребековке тағайындалған ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені оның анасына табыс етілді.

«Айбын» ІІІ дәрежелі орденімен Қостанай облыстық ТЖД Өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметінің №2 мамандандырылған жасағының аға өрт сөндірушісі Ж.Ысқақ наградталды.

«Ерлігі үшін» медалімен Атырау стансасындағы желілік ІІБ-нің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекоры Т.Әзбергенов, Астана қаласының ТЖД №6 өрт сөндіру бөлімшесінің аға өрт сөндірушісі А.Әлижанов, Қызылорда облыстық ІІД жедел іс-қимыл арнайы жасағының инспекторы Б.Нұржанов, Атырау қалалық ІІБ жол-патрульдік полиция батальонының взвод командирі Д.Шоқпытов марапатталды.

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен Ұлттық ұланның 3660 әскери бөлімі командирінің орынбасары Т.Рахымов, «Ерен еңбегі үшін» медалімен Алматы облысы бойынша ҚАЖД ЛА-155/4 мекемесі бақылау қызметі бөлімі жасағының бастығы С.Оразаев, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД ИЧ-167/11 мекемесі кесте және күзет бөлімінің корпус бойынша аға қызметкері Б.Сүгірәлиев, ал «ҚР Құрмет грамотасымен» Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД АК-159/17 мекемесінің бастығы И.Бендерский марапатталды.

Айта кетсек, Ақордада Отан қорғаушылар күніне орай ҚР ҚК Бас Қолбасшысы, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Ж.Сүлейменовке, ІІМ Көші-қон қызметінің төрағасы М.Қабденовке, ІІМ Қылмыстық полиция департаментінің бастығы А.Баймурзинге, Ақтөбе облыстық ІІД бастығы М.Әбисәтовке генерал шенін тапсырған болатын.