Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Бақытжан Ержановтың тұтқынға алынғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Ақтөбе облыстық прокуратурасы бүгін депутаттың қандай күдікке іліккенін мәлімдеді.
«Хромтау аудандық прокуратурасы осы жылдың маусым айында жүргізген тексеру жұмыстарынан соң алаяқтық дерегі бойынша сот алды тергеу жұмыстарын бастады. Іс бойынша ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында берілген субсидияны алаяқтық жолмен иемденген деген күдікке ілікті.
Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің «Билік өкіліне қатысты күш қолдану» бабы бойынша күдікті деп танылды. Бірақ Бақытжан Ержановты ұстау кезінде күдікті құқық қорғау органдары қызметкерлеріне дене жарақатын салды деген айып расталмайды. Дегенмен, Б.Ержановқа қатысты шаруа қожалығындағы жұмысшыларға дене жарақатын салу ісі бойынша дерек тергеліп жатыр. Сот-медициналық сараптама қорытындысы шығарылды.
Қылмыстық істің бәрі бір өндіріске біріктіріліп, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Ақтөбе облыстық департаменті тергеуге алды. Сот Б.Ержановты қамауда ұстау туралы бұлтартпау шарасына санкция берді. Өзге ақпараттар тергеуге байланысты жария етілмейді»,- деді Ақтөбе облысы прокуратурасының аппарат жетекшісі Жасұлан Дәулембаев.