Ресей ғылым академиясының Біріккен геофизикалық қызметінің Камчаткадағы филиалының мәліметінше, зілзала Петропавл-Камчатский қаласынан 167 шақырым қашықтықта болған. Бұл осы аймақтағы қатарынан төртінші жер сілкінісі.
Бұған дейін Синьхуа ақпарат агенттігі жексенбі күні Бейжің уақытымен 14:49-да Камчатка түбегінің шығыс жағалауындағы теңіз акваториясында 7,2 магнитудалы жер сілкінісі болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Қытайдың сейсмологиялық желілер орталығы (CENC) хабарлады.
CENC мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі 52,90° солтүстік ендік пен 160,45° шығыс бойлық нүктесінде орналасқан. Зілзаланың тереңдігі 10 шақырым болған.
Сейсмологтер қазіргі уақытта зілзаланың нақты параметрлерін анықтап жатыр.
Қалада дабыл сиреналары қосылып, цунами қаупі туралы ескерту жарияланған.
Ресей ТЖМ-нің Камчатка өлкесі бойынша бас басқармасының мәліметінше, ықтимал цунамидің ең жоғары толқыны 60 сантиметрден аспайды.
Бұған дейін 17 шілдеде қазақстандық сейсмологтер Ауғанстан аумағында жер сілкінісін тіркеген болатын.