ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының 40 жастағы тұрғыны кәмелетке толмаған баласына автокөлікті жүргізуге берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш оқиға «Самара-Шымкент» тас жолының бойында орын алған. 40 жастағы облыс тұрғыны 2003 жылғы баласына көлік жиі жүретін күре жолда машинасын жүргізуге рұқсат берген.
«Бұл жөнінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 128-бабында көрсетілген. Онда «Кәмелетке толмаған адамды әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға тарту» жағдайы екені көрсетілген. Осыған байланысты Жалағаш аудандық соты 6 ақпанда қаулы шығарды. Қаулы бойынша құқық бұзушы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 128-бабымен кінәлі деп танылды. Оған елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Ол 120 250 теңге шамасында», - деп жазылған Қызылорда облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сондай-ақ, құқық бұзушы ата-ана ішкі істер органдарының есебіне алынатын болады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.