Канада әскери базасындағы өрттен 4 адам опат болып, 19 адам хал үстінде жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Канаданың Альберта провинциясындағы Уэйнрайт әскери базасында болған сұрапыл өрттен төрт әскери қызметші қаза тапты. Тағы 39 адам ауруханада жатыр, оның 19-ының жағдайы ауыр, деп хабарлайды BBC.

Фото: ВВС

Билік өкілдерінің мәліметінше, өрт базадан шамамен бір шақырым жерде, құрғақ шөптің тұтануынан басталған. Ұдайы соққан желмен өрт Эдмонтоннан шамамен 210 шақырымда орналасқан полигонға жылдам жеткен.

Өрт басталған кезде базада жаттығу өтіп жатқан. Эдмонтонда орналасқан 1-ші дивизияның командирі Уэйд Ратлэндтің айтуынша, жылдамдығы алғашында сағатына 50 километрден аспаған жел өрт тұтанған бойда 96 км/сағатқа (60 миль/сағ) жеткен. 

Оның айтуынша, жалын шамамен бір шақырымға 30-60 секундта тараған. Билік құрбан болғандардың есімдерін жариялады: сержант Морган Вонг, қатардағы жауынгер Шон Фаррелл, қатардағы жауынгер Эйдан Гулдинг және қатардағы жауынгер Хэйден Ликкемарк.

Канада премьер-министрі Марк Карни бұл оқиғаны бейбіт уақытта елдің қарулы күштері бастан кешірген ең ауыр қайғылы оқиғалардың бірі деп атады.

— Ержүрек әскери қызметшілердің қазасына еліміздің қабырғасын қайыстырды, — деді Карни.

Премьер-министр құрбан болғандардың құрметіне ел бойынша барлық федералды ғимараттардағы мемлекеттік туды жартылай төмен түсіруді бұйырды.

Альберта премьер-министрі Даниэль Смит өрттен зардап шеккендердің көпшілігіне бірнеше апта немесе ай бойы мамандандырылған, қарқынды медициналық көмек қажет болатынын мәлімдеді.

Бұған дейін Канадада тікұшақ апатқа ұшырап, 4 адам көз жұмғаны белгілі болды.