«Канал-Долина» іс-шарасы барысында 4 тоннадан астам есірткі тәркіленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылғы 16 қыркүйекте «Канал» өңірлік есірткіге қарсы операциясы шеңберінде жүргізілген «Канал-Долина» есірткіге қарсы операциясы аяқталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Бес тәулік бойы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттердің аумағында есірткі топтары әрекеттерінің жолын кесу және заңсыз айналымнан есірткі құралдары мен психотроптық заттарды, қарулар мен оқ-дәрілерді алу, есірткі бизнесінің экономикалық негіздерін жою бойынша үйлестірілген жедел операция өткізілді.

Операцияға ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің құзыретті органдары, қылмыстық кірістерді заңдастыру мен терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша Еуразиялық топқа мүше мемлекеттердің қаржылық бақылау бөліністері (ЕАТ), бақылаушы ретінде Ауғанстанның, Қытайдың, есірткі құралдарының, психтроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық-үйлестіру орталығының (ОАӨАҮО), Интерполдың және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Шекара әскерлері Қолбасшыларының кеңесі Үйлестіру қызметінің өкілдері қатысты.

Операцияның мақсаттары ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің аумағына Ауғанстаннан және Қытайдан есірткі құралдарының контрабандасы арналарын жабу, Шу алқабынан есірткі дайындау мен әкетудің жолын кесу, Орталық Азия елдерінің аумақтарын есірткі контрабандасы үшін пайдаланатын трансұлттық есірткі топтары әрекеттерінің жолын кесу жөніндегі ынтымақтастық механизмдерін жетілдіру бойынша практикалық міндеттерді шешу болып табылды.

Сонымен қатар өңірдегі есірткі ахуалын тұрақтандыру, заңсыз айналымнан есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, қарулар мен оқ-дәрілерді алу, есірткі бизнесінің экономикалық негіздерін жою бойынша кешенді іс-шаралар іске асырылды.

Шара барысында арнайы уәкілетті ведомстволардың күштері мен құралдарын пайдалана отырып, операцияға қатысушы мемлекеттерге есірткі түсу арналарын және олардың көршілес мемлекеттердің аумағы арқылы контрабандалық тасымалдануын анықтау және жолын кесу бойынша кешенді іс-шаралар өткізілді.

ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің және бақылаушы мемлекеттерінің құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысының, қатысушылардың арасындағы сенімнің жоғары деңгейде болуының және олардың өзара белсенді іс-қимылының нәтижесінде заңсыз айналымнан 4 тонна 206 кг есірткі, оның ішінде 95 килограмм героин, 40 килограмм синтетикалық есірткі, 27 кг апиын, 2 тонна 570кг марихуана, 1 тонна 81 килограмм гашиш, 17кг жабайы өсетін көкнәр, сондай-ақ 1 тонна 101 килограмм прекурсор алынды.

Операцияны өткізу кезінде қылмыскерден 211 дана атыс қаруы және 18971 оқ-дәрі алынды.

2446 есірткі қылмысы анықталды. Операция барысында барлығы12288 мың қылмыстық іс, оның ішінде есірткінің заңсыз айналымымен байланысты 1733 қылмыстық іс қозғалды. Есірткі қылмысы үшін 1637 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

«Канал-Долина» аумақтық есірткіге қарсы операциясының нәтижесі есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте халықаралық қадамның тиімділігін және өңірлік деңгейдегі өзара іс-қимылдың нәтижесін арттырудағы белсенді іс-қимылды жалғастыру қажеттілігін көрсетті.