Қанат Бозымбаев бастаған комиссия Маңғыстау облысына барды

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған комиссия Маңғыстау облысына барды. Комиссия төтенше жағдайға байланысты мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіріп, оқиға орнында қажетті шараларды қабылдайды.

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Комиссия құрамына Қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ Шекара қызметінің өкілдері кірді.

Маңғыстау облысы әкімдігінің хабарлауынша, комиссия мүшелері қазіргі ахуалды бағалап, төтенше жағдайдың салдарын жою бойынша алдағы шараларды айқындайды.

— Негізгі назар қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті көмек көрсетуге, оқиғаның мән-жайын анықтауға және мемлекеттік органдар мен тиісті қызметтердің жұмысын үйлестіруге аударылады, — делінген хабарламада.

Комиссияның жұмысы оқиға орнында жалғасып жатыр.

Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Кейінірек әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын жаздық.

Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды.

Комиссия құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ шекара қызметінің өкілдері кірді.

Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.

Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтін болды.

25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болады.