— Ең жоғары сұраныс өнеркәсіпте, құрылыста, ауыл шаруашылығында және IT саласында қалыптасқан. Сұранысқа ие кәсіптердің тізбесі 51-ден 174 кәсіпке дейін жаңартылып жатыр. Олар — инженерия, құрылыс, өндеу өнеркәсібі, биотехнология, жасыл және ядролық энергетика, — деді министр.
Сонымен қатар, министрдің сөзінше, технологиялар мен жасанды интеллект еңбек нарығын барынша өзгертіп жатыр. Тіпті, кейбір мамандық жойылады деп болжанып отыр. Мысал ретінде мәтінді өңдеуші, теруші, деректерді енгізу жөніндегі қызмет, корректор тәрізді мамандықтарды атауға болады.
— Кәсіптердің басым бөлігі трансформацияланады. Қызметтің мүлде жаңа бағыттары пайда болады. Бұл жағдайларда кадрлар даярлау жүйесі озық қарқынмен жұмыс істейді. Экономика салаларында перспективті мамандықтар алдын ала айқындалып, біліктіліктер мен білім беру бағдарламалары жедел жаңартылады, — деді Асқарбек Ертаев.
Айта кетейік, бұған дейін 2035 жылға дейін экономикаға тағы 2,9 млн кадр қажет болатынын жазғанбыз.