Қандыағаштағы жаппай улану: Қылмыстық іс қысқартылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қылмыстық іс «Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бабы бойынша қозғалып, тергеу жүрді. Полиция іске рақымшылық жасау актісі қолданылғанын хабарлады.

Фото: Kazinform/ЖИ

Оқиға биыл маусым айында тіркелді. Мұғалжар аудандық ауруханасы мен облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына ішек инфекциясының белгілерімен 102 науқас медициналық көмекке жүгініп, ауруханаға жатқызылды. Жаппай астан улану фактісіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы («Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу») белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүрді. Полиция арада бірнеше ай өткенде істің қысқартылғанын хабарлады.

— Тергеп-тексеру барысында мейрамхана басшылығы мен жеке кәсіпкер қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын мойындады. Алайда рақымшылық жасау туралы акті қолданылып, қылмыстық іс тоқтатылды, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, тексеру кезінде мейрамханада санитариялық-эпидемиологиялық, азық-түлікті сақтау талаптары сақталмағаны анықталды. Жұмысшылары — стафилококк инфекциясы бактериясын тасымалдаушы.