Алдын ала мәліметтер бойынша, сырқаттанған азаматтар аталған мейрамханаға әртүрлі себептермен (салтанатты іс-шаралар, ас беру және басқа да жиындар) барған.
— Қазіргі уақытта сараптамамен қоса, эпидемиологиялық тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тергеп-тексеру аясында мамандар мейрамханадағы барлық тағам өнімдерінен және қоршаған орта нысандарынан сынамалар алып, зертханалық зерттеуге жіберді, — делінген хабарламада.
Мейрамхананың қызметі және онда еңбек еткен қызметкерлер туралы ақпарат тергеу әрекеттерінің құпиялылығына байланысты жариялауға жатпайды.
Ақтөбе облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласындағы «Тұмар» мейрамханасына барған азаматтар арасында ішек инфекциясы жағдайларының тіркелуіне байланысты эпидемиологиялық тексеру жалғасып жатыр.
— 23 маусым сағат 14:00–дегі жағдай бойынша Мұғалжар аудандық ауруханасы мен облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына ішек инфекциясының белгілерімен 113 науқас медициналық көмекке жүгініп, ауруханаға жатқызылды. Аталған жағдайлар бойынша санитариялық қызметке шұғыл хабарламалар жолданып, бактериологиялық зерттеу жүргізу үшін сынамалар алынды.
Ауруханаға жатқызылған науқастардың жағдайы орташа ауырлық дәрежесінде, кейбір науқастарда жағдайларының жақсаруы байқалады. Қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр.
Медициналық ұйымдарда қажетті төсек-орын қоры дайындалып, дәрілік заттардың жеткілікті қоры қамтамасыз етілді.
Жағдай тұрақты бақылауда.
Айта кетелік Қандыағашта 100-ден астам адам тамақтан уланып қалған еді. Осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған еді.