Кандидат Аманкелді Таспихов дауыс берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада ҚР Президенттігіне үміткер Аманкелді Таспихов дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кандидат жұбайымен бірге ҚР Ұлттық кітапханасында орналасқан №111 сайлау учаскесіне келді.

«Кәсіподақтың мені кандидат ретінде ұсынғаны қуаныштымын. Қазақстанның өңірлеріне барып, белсенді жұмыс істедік. Ұйымдастырылған түрде үгіт-насихат жүргіздік. Осы сәтті пайдаланып, өз штабыма, өңірдегі сенімді өкілдеріме, мені қолдап, мен үшін үгіт-насихат жүргізген барлық азаматтарға рахмет айтқым келеді», - деді А. Таспихов.

Аманкелді Таспихов Орал қаласында тұрады. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына байланысты елордада дауыс берді.

Айта кетейік, Амангелді Таспихов - ҚР Президенттігіне үміткер 7 кандидаттың бірі. Оның кандидатурасын «Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы» Республикалық кәсіподақтар бірлестігі ұсынған.

Бүгін Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлау басталды. ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында ел ішінде және шет елдерде 9 968 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, дауыс беру уақыты стандартты (сағат 7.00-20.00 аралығы) болады.