Сайлау-2019: Ең бірінші Жапония мен Кореяда сайлау учаскелері ашылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жапония мен Кореяда сайлау учаскелері бірінші болып жұмыстарын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 9 маусымда өтетін Президент сайлауында шамамен 13 мыңнан астам шетелдегі қазақстандық дауыс береді. Солардың ішінде Жапония мен Кореядағы отандастарымыз Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы сағат 4-тен бастап жұрттың алды болып сайлауға қатыспақ.

«Дауыс беру уақыты аяқталғаннан кейін шетелдегі учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушылардың даусын санап, оның қорытындысы туралы хаттама толтырады. Бұл хаттама мен басқа да сайлау құжаттары Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері арқылы жолданады», - делінген түсіндірмеде.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2019 жылдың 9 маусымында өтетін ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына орай әлемнің 51 елінде 65 сайлау учаскесі ашылған. Шетелдегі сайлау учаскелерінің мекенжайын mfa.gov.kz және www.election.gov.kz сайттарынан білуге болады.

Жалпы, ең ірі сайлау учаскесі Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігі жанынан ашылып отыр. Аталмыш сайлау учаскесі 1 600-ден астам сайлаушыны қабылдайды.

Қытайда Бейжің қаласынан бөлек Шанхай, Гонконг және Үрімші қалаларында сайлау учаскелері жұмыс істейді. Жалпы бұл елде 2 мыңнан астам Қазақстан азаматы дауыс береді деп күтіліп отыр. Ресейде де 1 600-ден астам сайлаушы Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Омбы, Астрахан қалаларындағы сайлау учаскелерінде дауыс бере алады. Түркияның Анкара, Ыстанбұл және Анталия қалаларында шамамен 1300 адамға арналған сайлау учаскелері жұмыс істейді.

Жалпы биылғы сайлауда 9 791 165 қазақстандық дауыс береді деп күтіліп отыр. Оның 25 проценті алғаш рет дауыс береді деген мәліметтер де бар.

Соңғы жаңалықтар