«Ақтөбе облысы - өзінің географиялық орналасуы жағынан транзиттік әлеуеті зор өңір. Дегенмен, автожолдардың сапасын жақсарту өзекті болып отыр. Негізінен, облыста жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 72% құрайды. Былтыр 32 млрд теңгеге 536 шақырым жол жөнделді. Айта кету керек, былтырмен салыстырғанда биыл 1,5 есеартық қаражат қарастырылды, 50,5 млрд теңгеге 848 шақырым жергілікті маңызы бар автожолдарды жөндейтін боламыз. Нәтижесінде, жыл аяғында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 78% болады», - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, ол 30 жыл бойы жөндеу көрмеген «Қандыағаш-Шалқар» бағытындағы жолда жөндеу жұмыстары биыл асбаталатынын айтты.
«Республикалық жолдарға тоқталатын болсақ, Үкімет қолдауымен ұзындығы 262 шақырым болатын «Ақтөбе – Ұлғайсын» автожолын 4 жолаққа кеңейту арқылы 3-ші санаттан 1-ші санатқа жеткізу жоспарда. Бүгінгі таңда аталған жобаға қажетті құжаттама дайын. Үкіметпен бірлесе қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, 1960-70 жылдары салынған, шамамен 30 жыл бойы жөндеу көрмеген 260 шақырымдық, ауыл тұрғындары үшін тарихи маңызы зор «Қандыағаш-Шалқар» автожолын жөндеу жұмысы басталады», - деді Ералы Тоғжанов.