Канье концерті мен Құрылтай: «Қайрат» ойындарының уақыты мен алаңы тағы өзгерді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Қайрат» футбол клубы Премьер-лигада өз алаңында өтетін алдағы үш матчтың алаңы мен мерзімі өзгергенін хабарлады.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Бұл өзгеріс Орталық стадионда Канье Уэст концертінің өткізілуіне, сондай-ақ нысанда жүргізілетін кейінгі техникалық жұмысқа байланысты қабылданған. Премьер-лиганың 21-туры аясында 8 тамызға жоспарланған «Қайрат» — «Жеңіс» матчы басқа күнге ауыстырылды.

Ал ел біріншілігінің 9-туры аясында 15 тамызға жоспарланған «Қайрат» — «Ұлытау» матчы Т.С.Сегізбаев атындағы «Қайрат» ФК Академиясының алаңында өтеді.

Қазақстан чемпионатының 23-туры аясында 22 тамызға жоспарланған «Қайрат» — «Ертіс» матчы Құрылтай сайлауын өткізуге байланысты басқа күнге ауыстырылған. Ойын өткізілетін жаңа күн туралы қосымша хабарланады.

Еске салайық, Канье Уэст концертіне байланысты УЕФ Чемпиондар лигасының үшінші іріктеуі кезең аясындағы «Қайраттың» өз алаңындағы ойыны Түркістанда өтеді.

«Қайрат» бүгін Чемпиондар лигасында «Левскимен» Софияда алғашқы ойынын өткізеді.