Канье Уэст концерті: «Қайраттың» еурокубоктағы келесі ойыны Түркістанда өтеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Қайрат» футбол клубы еурокубок матчын қабылдайтын алаңы ауысатынын хабарлады.

Фото: «Қайрат» футбол клубы

Клуб мәліметінше, 14 тамыз күні Алматы қаласының Орталық стадионында Канье Уэст концерті өтетіндіктен, «Қайраттың» негізгі алаңы еурокубоктың үшінші іріктеу кезеңіндегі ойынды өткізуге қолжетімсіз болады.

— Қалыптасқан жағдай мен еурокубок күнтізбесінің тығыздығын ескере отырып, клуб УЕФА-ға үшінші іріктеу кезеңіндегі ықтимал өз алаңындағы матчтың өтетін орнын ауыстыру туралы өтініш жолдады. Өтініш қаралғаннан кейін кездесуді Түркістан қаласындағы «Түркістан Арена» стадионында өткізуге келісім берілді, — деп хабарлады клуб.

Матчтың нақты күні мен басталу уақыты, сондай-ақ билет сатылымының басталуы туралы ақпарат команданың еурокубоктағы алдағы кезеңі анықталғаннан кейін қосымша жарияланады.

Еске салайық, бұған дейін 14 тамыз күні сағат 21:00–де Алматы орталық стадионында Канье Уэст концерті өтетіні белгілі болды.

Кейін «Қайрат» бұл мәселе клубпен келісілмегенін хабарлады.