14 қарашада Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні атап өтіледі. Биылғы науқан «Қант диабеті кезінде ерте әрекет ету» ұранымен өтеді. Оның мақсаты — ауруды дер кезінде анықтауға, алдын алуға және науқастардың кешенді медициналық көмекке қол жеткізуіне баса назар аудару.
Бұл мәселе қант диабеті, семіздік және жүрек-қан тамырлары ауруларының өзара тығыз байланысына байланысты ерекше маңызды. Дәрігерлердің айтуынша, бұл аурулардың алдын алу мен емдеуді ауыр асқынулар пайда болғанға дейін бастау қажет.
Семіздік — тек сыртқы келбетке қатысты мәселе емес
Мәселенің ауқымы бүкіл әлемде артып келеді. БҰҰ деректері мен SOFI 2025 есебіне сәйкес, әлемде 673 миллион адам аштықтан зардап шегеді. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері мен The Lancet журналында жарияланған халықаралық зерттеуге сүйенсек, семіздікке шалдыққан адамдардың саны 1 миллиардтан асқан.
Қазақстанда ДДҰ-ның халықаралық бағалауы бойынша, ересек тұрғындардың 56 пайызында артық салмақ немесе семіздік бар. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша 2-типті қант диабетімен ауыратын 549 072 пациент динамикалық бақылауда болған. Бұл көрсеткіш бір жылда 9 пайызға өскен.
— Қазір артық салмақ пен семіздік денсаулық сақтау саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Әртүрлі саладағы дәрігерлер, әсіресе эндокринологтер, кардиологтер мен гинекологтер бұл мәселеге алаңдаулы. Алайда әлі күнге дейін семіздік көбіне тек эстетикалық мәселе ретінде қабылданады, — дейді эндокринолог-диетолог Кристина Байкадамова.
Маманның айтуынша, семіздік — басқа да ауыр аурулардың дамуына себеп болуы мүмкін созылмалы ауру. Олардың қатарында 2-типті қант диабеті, жүрек-қан тамырлары жүйесі мен әйелдердің репродуктивті жүйесінің аурулары бар.
— 2023 жылы Америкалық кардиология қауымдастығы бұл үдерістерді біртұтас ұғымға — кардио-реналды-метаболикалық синдромға біріктірді. Бұл жүрек, бүйрек аурулары мен метаболикалық бұзылыстардың өзара тығыз байланысын білдіреді. Мұның механизмі мынадай: висцералды майдың шамадан тыс жиналуы созылмалы қабыну мен инсулинге төзімділікті тудырады. Соның салдарынан қандағы қант деңгейі жоғарылап, қан қысымы көтеріледі, липидтік бейін нашарлайды. Нәтижесінде қан тамырлары, жүрек пен бүйрек зақымдана бастайды, — деп түсіндірді Кристина Байкадамова.
2-типті қант диабеті көп жағдайда семіздікпен қатар жүреді. Тұқым қуалаушылық адамның ауруға бейімділігін арттырғанымен, оның дамуына дұрыс тамақтанбау, аз қимылдау және висцералды майдың жиналуы да ықпал етеді.
Халықаралық диабет федерациясының (IDF) деректеріне сәйкес, жүрек-қан тамырлары аурулары қант диабетімен ауыратын адамдар арасындағы өлім-жітімнің ең жиі кездесетін себебі саналады. Егер метаболикалық бұзылыстар дер кезінде анықталмаса, қан тамырлары зақымданып, қан қысымы жоғарылайды, бүйрек пен жүйке жүйесі де зардап шегуі мүмкін.
Қант диабетінің алғашқы белгілерін қалай тануға болады?
— Науқастардың жартысына жуығында диагноз қойылған сәтте-ақ асқыну белгілері байқалады. Дегенмен ағза аурудың бар екенін алдын ала білдіруі мүмкін. Егер бел шеңбері бой ұзындығының жартысынан асып кетсе, бұл дәрігерге қаралуға себеп болуы тиіс. Мысалы, бойы 170 сантиметр адамда бел шеңбері 85 сантиметрден аз болуы керек, — деп атап өтті дәрігер.
Маман инсулинге төзімділік пен басқа да жасырын бұзылыстардың мынадай белгілеріне назар аударуға кеңес береді:
мойын мен қолтық терісінің қараюы. Оны кейде кәдімгі пигментациямен шатастыруы мүмкін;
денеде көптеген папилломаның пайда болуы;
ұйқы кезінде қорылдау және тыныс алудың уақытша тоқтауы;
жиі зәр шығару, әсіресе түнде;
тамақтан кейін ұйқышылдық басып, 1–2 сағаттан соң қатты ашығу;
аяқ басының ұюы, ашып-күйдіруі немесе шаншуы, балтыр бұлшықеттерінің құрысуы;
дәрігер қабылдауында қан қысымының тұрақты түрде 140/90 мм сын. бағ. деңгейінен, ал үй жағдайында 135/85 мм сын. бағ. деңгейінен жоғары болуы.
Акушерлік анамнездегі маңызды белгілердің бірі — салмағы 4 келіден асатын баланың дүниеге келуі немесе жүктілік кезінде қант диабетінің анықталуы. Көпшілік мұны ірі нәрестенің дүниеге келуі деп қабылдауы мүмкін, ал дәрігер үшін бұл қосымша тексеруді қажет ететін белгі, дейді Кристина Байкадамова.
Дегенмен жекелеген белгілердің болуы қант диабеті диагнозын растамайды. Ал бірнеше белгі қатар байқалса, медициналық тексеруден өткен жөн.
Қант диабетінің алдын алу үшін қандай тексеруден өту керек?
— Ауыр метаболикалық бұзылыстардың алдын алу үшін 35 жастан асқан барлық адам ашқарынға қандағы глюкоза деңгейін және гликирленген гемоглобинді (HbA1c) тексеруі қажет. Егер талдау нәтижелері қалыпты болса, тексеруді үш жылда бір рет қайталаған жөн. Ал предиабет немесе қауіп факторлары болған жағдайда жыл сайын тексерілу керек. Артық салмағы бар және кемінде бір қауіп факторы — туыстарында қант диабетінің болуы, гипертония, анамнезінде ірі салмақпен баланың дүниеге келуі немесе аналық бездердің поликистоз синдромы байқалатын адамдар 35 жасқа дейін де, яғни кез келген жаста тексеруден өтуі қажет, — деп кеңес береді маман.
Қауіп факторлары бірнешеу болса, дәрігердің бақылауымен әрекет ету маңызды. Емдеу жоспарына тек тіркелген, клиникалық зерттеулерде тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген, сондай-ақ Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігі (EMA) мен АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) мақұлдаған ГПП-1 рецепторларының агонистері (мысалы, семаглутид) енгізілуі мүмкін. Бұл препараттар қандағы глюкоза деңгейі мен дене салмағын бақылауға көмектеседі.
Денсаулықты, соның ішінде дене салмағын бақылау — әр адамның өз жауапкершілігі. Дене салмағы индексін (ДСИ) арнайы сайтта есептеп, оның көрсеткіштері нені білдіретінін білуге болады.
Осыдан бұрын Маңғыстау облысында онкология мен қант диабетіне шалдыққандар саны артқанын жазғанбыз.