Қант диабеті кезінде жүйке ұштары зақымданып, аяқтағы қан айналымы бұзылуы мүмкін. Сезімталдықтың төмендеуіне байланысты адам жарақаттарды, күйіктер мен терінің қажалуын бірден байқамай жатады. Бірақ терідегі кішкентай зақымның өзі ауыр инфекцияға және ұзақ емделуге әкелуі ықтимал.
- Диабет кезінде ауырсынудың болмауы аяқтың жағдайы жақсы дегенді білдірмейді. Сондықтан пациенттерге аяқтарын, соның ішінде табанын және башпайларының арасын күн сайын тексеруге кеңес беріледі. Ең бастысы – мәселені ерте анықтау, – деді Төлейгүл Искакова.
Дәрігер мұндай жағдайға өз тәжірибесінен нақты мысал келтіреді. Оның айтуынша, қант диабетімен ауыратын пациент әйелдің оң аяғында ауыр инфекция дамыған. Оның жағдайы бүйрек қызметінің бұзылуымен, қаназдықпен және тізе буынының зақымдануымен асқынған.
Науқасқа бірнеше маманның қатысуымен ұзақ кешенді ем жүргізіліп, бірнеше рет операция жасауға тура келген. Нәтижесінде дәрігерлер тізе буынын, аяқтың тірек қызметін сақтап, жаралардың жазылуына қол жеткізген.
- Бұл жағдай диабеттік табанды емдеу кезінде тек жарамен ғана шектелмей, оның жазылуына кедергі келтіретін себептерді анықтау маңызды екенін көрсетеді. Аяққа қанның баруын бағалап, қандағы қант деңгейін бақылау және инфекцияны уақытылы емдеу қажет, – деп атап өтті хирург.
Аяққа дұрыс күтім жасау үшін дәрігер мынадай қарапайым ережелерді сақтауға кеңес берді:
- Аяқты күн сайын тексеріп, жараларға, күлдіреуіктерге, қызаруға және ісінуге назар аудару.
- Аяқты жылы, бірақ ыстық емес сумен жуу және башпайлардың арасын мұқият құрғату.
- Құрғақ теріге ылғалдандыратын крем жағу, бірақ оны башпайлардың арасына жақпау.
Аяқты қыспайтын, қажамайтын ыңғайлы аяқ киім кию.
- Жалаңаяқ жүрмеу және аяқты жылытқышпен қыздырмау.
- Мозольдерді өздігінен алып тастамау, тырнақтарды абайлап қысқарту.
- Сезімталдық төмендеген кезде адам тіпті күйікті де байқамай қалуы мүмкін. Сондықтан аяқты ыстық суға салуға, булауға немесе мозольдерді өздігінен кесіп алуға болмайды, – деп ескертті маман.
Оның сөзінше, аяқта кез келген жара, ойық жара немесе жарылған күлдіреуік пайда болса, сол күні-ақ дәрігерге қаралу қажет. Өз бетінше емделуге, күлдіреуіктерді тесуге немесе антибиотиктерді дәрігердің тағайындауынсыз қабылдауға болмайды. Егер ісінген аймақ тез ұлғайса, тері қызарып немесе қарайып кетсе, дене қызуы көтерілсе не айқын әлсіздік байқалса, шұғыл медициналық көмекке жүгіну қажет.
Дәрігер алдын алу шаралары аяқ-қолды сақтап қалудың негізгі кепілі екенін атап өтті. Пациенттер қандағы қант деңгейін, артериялық қысымды және холестеринді бақылап, дәрігер тағайындаған дәрілерді қабылдауы және тұрақты түрде медициналық тексеруден өтуі қажет. Шағымдар болмаса да, аяқ табанын жылына кемінде бір рет тексерту керек. Ал бұрын ойық жара болған, аяқтың сезімталдығы төмендеген немесе қан тамырларында бұзылыстар анықталған пациенттер жиірек тексерілуі тиіс.
Еске салайық, Алматыда дәрігерлер 8-қабаттан құлаған жасөспірімді аман алып қалды.