«Қаңтар оқиғасына қатысы бар» 20 адамнан құралған қылмыстық топтың мүшелері ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы және Шымкент қалаларында сондай-ақ Түркістан облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері құрықталды. ІІМ Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, Бас прокуратураның үйлестіруімен қылмыстық топтарды жою бойынша арнайы жұмысты жалғастырып жатыр. Бұл туралы Polisia.kz сайты жазды. 

Фото: Видеодан алынған скрин

17 маусым күні Алматы, Шымкент қалаларында және Түркістан облысында ауыр қылмыстар жасаған, соның ішінде кәсіпкерлерді бопсалады деп күдікке ілінген қылмыстық топтың мүшелерін ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілді.

«Топ мүшелерінің «қаңтар оқиғасының» белсенді қатысушыларымен байланысы бар екендігі анықталды. Полицияға 20 күдікті жеткізілді. 40-тан астам іздестіру шаралары өткізілді. Атыс және травматикалық қару, есірткі мен оқ-дәрі тәркіленді. Тергеу Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.

Тергеу мүддесінде өзге ақпарат жариялауға жатпайды.