«Қаңтар оқиғасына дейін тәуелсіз Қазақстан тарихында бұндай ауқымды оқиға болған емес. Мыңдаған адамнан қаңтар оқиғасына куә немесе қатысушы ретінде жауап алынды. Қылмыстық процесуалдық кодексте көрсетілген мерзімге сәйкес біз 2 айдың ішінде істің ақ-қарасын анықтап үлгере алмаймыз. Айта кетейік, ұрлық-қарлық секілді қылмыстың өзі айлап тергеледі. Ал бұл жерде адам өлімі бар. Қылмыстық процесте басты маңызды нәрсе – ақиқат», - деді Ризабек Ожаров «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының «Ashyq alań» қоғамдық-саяси ток-шоуының эфирінде.
Оның айтуынша, кез келген қылмыстық істі ашық әрі объективті тұрғыда тергеу керек.
«Сондай-ақ, біз қатысушыларды тергеп қана қоймай, олардың құқығын қорғауымыз керек. Сондықтан қаңтар оқиғасына қатысты тергеу біраз жүреді. Қоғам оған дайын болуы керек. 2 айдың ішінде «бізде мынадай дәлел бар, оқиға осылай болды, мынау - қатысушылар, ал мыналар - ұйымдастырушылар» деп қазір айта алмаймыз. Тергеу процесіне қатысты ешқандай кедергі жоқ. Жұмысты жеделдету үшін stopterrorism сайты жұмыс істеп тұр. Бүгінге дейін азаматтардан 1728 файл келіп түсті. Видео-фотолар әлі де келіп жатыр. Осы тұста айтып өтетін тағы бір жайт - жаппай тәртіпсіздік кезінде бұзақылар 824 бейнебақылау камерасын қиратқан», - дейді ол.