Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер министрден қаңтар оқиғасына қатысты істерді тергеу амалдары қашан аяқталатынын сұрады.
Өз кезегінде М.Ахметжанов ведомство ұрлық, нысандарды тонау деректері бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын айтты. Қазіргі кезде ішкі істер органдарындағы қылмыстық істердің 80 пайызы аяқталып қалды.
Сонымен қатар министр қаңтар оқиғасы кезінде тәртіпсіздікке қатысқан қылмыскерлер қолында әлі де қару бар екенін жеткізді.
«Қылмыскерлер қолында ұрлаған қарудың бір бөлігі қалып отыр. Осыған дейін қарудың біразы тәркіленді. Сонымен қатар тіркелмеген қаруды сатып алу науқаны да жүргізілді», - деді М.Ахметжанов.
Оның айтуынша, ұрланған қару еліміздің басқа да облыстарына шығарылуы мүмкін. Сондықтан қару-жарақ іздеу жұмыстары Қазақстанның барлық өңірінде және шетелде де жүргізіліп жатыр.
«Егер заңсыз қару қылмыскерлердің қолында болса, олардан қатер бар. Сондықтан барлық қару анықталғанша іздеу жұмыстарын жалғастырамыз», - деді ведомство басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 2 мыңнан астам қару әлі қылмыскерлердің қолында екенін айтты.
Фото: russiaedu.ru