Атырау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Әлем Уәлиевтің айтуынша, 28 шағымданушыға түсіндіру жұмысы жүргізілген.
«Әр шағымның маңызы, ондағы көтерілген мәселе егжей-тегжейлі зерделенеді. Осы тұрғыдан айтқанда, кейбір шағымдағы мәселелер бойынша түсіндіру жұмысын жүргізуге тура келді. Шағым берушілердің арасынан 113 тұтынушының талабы қанағаттандырылып, оларға 5 млн 757 мың 474 теңгесі кері қайтарылды. Ал, 32 шағымда айтылған жайттарды қарау біздің департаменттің құзіретіне жатпайтынын анықталды», - деді Әлем Уәлиев.
Оның дерегіне жүгінсек, қазір 20 шағым әлі қаралып жатыр. Сондай-ақ, 35 тұтынушыға телефон желісі арқылы консультативтік кеңес берілген.
Департамент басшысының орынбасары Еркебұлан Тағашовтың мәліметінше, тұтынушылардың сауда саласына қатысты құқығына баса мән беріліп отыр.
«Облыс әкімінің өкіміне сәйкес «Атырау облысы бойынша азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі, делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі» комиссиясы құрылған еді. Осы кезге дейін 8 рет жиын өткізген комиссия мүшелері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын 15 пайыздық үстемеден асырып сату, жосықсыз делдалдарға қатысты 25 деректі анықтады. Сауда қызметін реттеу туралы заң талаптарын бұзған 25 кәсіпкерлік субъектіге тиісті шара қолданылды», - деп мәлім етті Еркебұлан Тағашов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында қаңтардан бері 2599 әйел жұмысқа орналасқанын жазған болатынбыз.