Қапшағайда төрт және бес жұлдызды бірнеше қонақүй салынады

Фото: Фото: Александр Павский/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Алматы облысында жалпы құны 20 млрд теңге болатын бірқатар туристік объекті іске қосылды. Бұл туралы өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев мәлім етті.

— Орталық саябақ пен Қапшағай көлінің жағажай аймақтары жаңғыртылып, өткізілген ірі халықаралық іс-шаралардың арқасында туристер саны 6,5%-ға артты. Келесі жылы әлемдік деңгейдегі төрт және бес жұлдызды брендтік екі қонақүйдің құрылысы басталады. Бұл туризм инфрақұрылымын халықаралық стандарттарға сай дамытуға септігін тигізеді, — деді Марат Сұлтанғазиев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп бере тұрып.

Әкімнің айтуынша, Алматы облысы шет елдерден келетін туристік ағын бойынша Алматы және Астана қаласынан кейін 3-ші орында тұр. 

— Соңғы екі жылда келушілер саны 2 есе өсті, оның ішінде 128 мың турист шетелден келді. Сонымен қатар, Қытайда Қазақстан туризмі жылы аясында Қытайдан келген туристер ағыны 1,5 есе өсті. Туристер ағынын ұлғайтуға ықпал ететін жергілікті және шетелдік қонақтарға бағытталған ауқымды шаралар ықпал етті. Атап айтқанда, «Tengri ultra» Ұлы дала марафоны, «Қымызмұрындық» фестивалі, Іле-Балқаш регатасы, «TAKLIMAKAN RALLY — 2024», «Race Nation Kazakhstan 2024» тағы сол сияқты, — дейді ол.

Сондай-ақ өңір басшысы биыл жалпы сомасы 20 млрд теңгеге бірқатар объекті іске қосылғанын айтты.

— Саумал терапиясына баса назар аударылатын таулы шатқалдардағы сауықтыру кешендері бар. Сондай-ақ, Қара каньонда инвестиция құны 1,5 млрд теңге болатын шыны көпір салу, 58 млрд теңгеге «Ой-Қарағай» курортын кеңейту сияқты ауқымды бастамалар бар. Қонаев қаласында аквапарк салу жоспарлануда. Мұндай жобалар аймақтың туристік тартымдылығын арттыруға, мәдени және іскерлік әріптестікті кеңейтуге ықпал етеді, — деп толықтырды М. Сұлтанғазиев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай биыл Алматы облысы 63 елге жергілікті өнімді экспорттады