Қар аралас жаңбыр, көктайғақ: Абай облысының полициясы ескерту жасады

АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысында 20-21 қазанға қараған түні ауа температурасы төмендеп, қар аралас жаңбыр жауады деп күтіледі. Осыған байланысты жолдарда көктайғақ пайда болып, көлік қозғалысына қауіп төнуі мүмкін, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Абай облысының полиция департаменті тұрғындар мен өңір қонақтарын жолда сақ болуға шақырды.

Құқық қорғау органдары ауа райы қолайсыз болған жағдайда аса қажеттілік болмаса, алыс жолға шықпауды ұсынады.

Жүргізушілерге қандай кеңес берілді?

Полиция мамандары жолға шығу қажет болған жағдайда мынадай қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді:

  • жол қозғалысы ережелерін, әсіресе жылдамдық режимін қатаң сақтау;

  • көліктер арасындағы қауіпсіз қашықтықты ұлғайту;

  • кенеттен тежеу мен қауіпті маневрлерден аулақ болу;

  • көліктің техникалық жағдайын алдын ала тексеру;

  • жолдағы көріну деңгейі мен ауа райы жағдайын ескеру.

Полиция өкілдері жүргізушілерді сақтық шараларын сақтап, өздерінің және өзге де жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Осыған дейін алдағы үш күнде жаңбыр жауып, қар түсетін өңірлер аталды.