Қарағанды маңында мотоцикл жүргізушісі қаза тапты

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды қаласына жақын маңда мотоцикл арнайы автокөлікке соғылып, жүргізуші оқиға орнында көз жұмды.

Фото: Видеодан алынған кадр

3 тамыз күні сағат 07:30 шамасында «Алматы — Екатеринбург» тас жолының бойында, Қарағанды қаласынан Балқаш бағытына қарай 1 шақырым жерде жол-көлік оқиғасы болды.

Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қаировтың мәліметінше, алдын ала деректер бойынша, мотоцикл жүргізушісі жолда тұрған Kia Sportage маркалы арнайы автокөлікпен соқтығысқан. Соқтығыс салдарынан 42 жастағы азамат алған жарақаттарынан оқиға орнында жан тапсырды.

Бұған дейін хабарланғандай, Бас прокуратура Қазақстанда жарты жылда жол апатынан мыңға тарта адам көз жұмғанын мәлімдеген еді.