Қағаз жүзінде дайындық деңгейі 100 пайызға жуықтағанымен, кейбір жөндеу жұмыстары мен отын қорын қалыптастыру әлі жүріп жатыр.
Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, өңірдегі нысандардың жылыту маусымына дайындық деңгейі 99,6 пайызды құрайды.
Биыл коммуналдық инфрақұрылымды жөндеуге және жылыту маусымына дайындауға барлық қаржыландыру көздерінен 196,4 млрд теңге бағытталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 44 пайызға көп. Салыстыру үшін, 2025 жылы осы мақсаттарға 136,6 млрд теңге қарастырылған.
Қаражаттың негізгі бөлігі энергетикалық нысандарды, жергілікті жылу көздерін, жылу, су құбыры және кәріз желілерін, сондай-ақ электр желілері мен қосалқы станцияларды және газбен жабдықтау нысандарын дайындауға жұмсалды.
Облыста 602 жергілікті жылу көзі дайындалды. Оның ішінде 45 қазандық және 557 автономды жылыту жүйесі бар. Сонымен қатар 1,3 мың шақырымнан астам инженерлік желі, 532 электр қосалқы станциясы, әлеуметтік саланың 1116 нысаны және 6 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй жылыту маусымына әзірленді.
Алайда өңір тұрғындары үшін жылу желілерінің жай-күйі ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Биыл Қарағанды, Теміртау, Шахтинск қалаларында және Абай ауданында жылу желілерін қайта жаңарту мен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Балқаш, Приозерск қалалары мен облыстың бірқатар ауданында орташа жөндеу жұмыстары қолға алынған.
Жалпы құны 28,7 млрд теңге болатын сегіз жоба жүзеге асырылу үстінде. Олар 12,3 шақырым жылу желісін қайта жаңғыртуды көздейді. Оның төртеуі «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында іске асырылып жатыр. Бұл жобаларға 21,8 млрд теңге бөлініп, 8,4 шақырым желіні жаңарту жоспарланған.
Аталған жобалар бойынша монтаж жұмыстары толық аяқталды. Қазір жұмыс бригадалары аумақтарды қалпына келтіріп, абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ал энергетикалық нысандардың өзінде жөндеу науқаны әлі жалғасуда. Облыстағы жеті станцияда 37 қазандық пен 27 турбинаны жөндеу жоспарланған. Бүгінде 24 қазандық пен 17 турбинадағы жұмыстар аяқталды. Қазір 10 қазандық пен бес турбина жөнделуде.
Тұрғындар үшін тағы бір маңызды мәселе – ауа температурасы нөлден төмендеген кезде отын қоры жеткілікті бола ма деген сұрақ.
Барлық энергетикалық станция көмір жеткізу бойынша келісімшарт жасасты. Алдағы жылыту маусымында 6,7 млн тоннадан астам отын жеткізу жоспарланып отыр.
Халыққа, бюджеттік ұйымдарға және коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге арналған көмір қоры да жеке қалыптастырылуда. Қазіргі уақытта 531,7 мың тонна көмір дайындалған. Бұл қажетті көлемнің 49,8 пайызы.
Сонымен қатар коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін көмір қоры қажеттіліктің 81,2 пайызына жетсе, халық үшін бұл көрсеткіш әзірге 39,6 пайызды ғана құрайды. 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына облысқа шамамен 1,07 млн тонна көмір қажет. Оның 803,8 мың тоннасы халыққа арналған.
Дәл осы көрсеткіш әзірге алаңдатарлық деңгейде. Тұрғындарға қажетті көмір көлемін толық жинақтауға әлі де біраз уақыт керек. Сондықтан отын жеткізу мәселесі ерекше бақылауда.
Соған қарамастан, өңірде жылыту маусымын бастауға айтарлықтай кедергілердің жоқтғы айтылды. Қалған жұмыстарды жақын арада аяқтау жоспарланған. Жылыту маусымын 1–15 қазан аралығында бастау көзделіп отыр. Нақты мерзім ауа райына және облыстың әр өңіріндегі жағдайға байланысты белгіленеді.
Бұған дейін Астанада жылу беру маусымына дайындық жүріп жатқаны хабарланған болатын.