Қарағанды облысында 5,2 млн теңгеден асатын заңсыз айыппұлдың күші жойылды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды облысының прокуратурасы инвесторлардың құқықтарын қорғау аясында кәсіпкерлерге заңсыз қысым көрсету әрекеттерінің жолын кескенін мәлімдеді.

Фото: Бас прокуратура

Ведомство мәліметінше, бұл жұмыс Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Негізгі тетік ретінде «прокурорлық сүзгі» қолданылады.

Аталған механизм аясында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері инвесторларға қатысты тексеру тағайындау, әкімшілік іс қозғау немесе сотқа талап қою секілді шектеу шараларын прокуратурамен міндетті түрде келісуі тиіс.

Жыл басынан бері «прокурорлық сүзгі» арқылы 163 шешім өткен. Оның ішінде 21 материал бойынша кәсіпкерлерге заңсыз әкімшілік шара қолдану әрекетінің алдын алу мүмкін болған.

Прокурорлардың араласуы нәтижесінде:
– 4 негізсіз тексеру тоқтатылды;
– «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағына қатысушымен шартты бұзуға жол берілмеді;
– 5,2 млн теңгеден асатын заңсыз айыппұлдардың күші жойылды.

Прокуратура мысал ретінде гофр картон қаптамаларын өндіру жобасын жүзеге асырып жатқан «TPA SARY ARKA» ЖШС-ін келтірді.

Қадағалау органы кәсіпорынға қатысты тексеру Кәсіпкерлік кодексінің талаптарын бұза отырып, құқықтық статистика органдарында міндетті тіркеусіз басталғанын анықтаған.

Прокурорлық ден қою шараларынан кейін екі лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар прокуратура наразылығы негізінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары қажетті рұқсатсыз жүргізген үш заңсыз бақылаулы сатып алу нәтижесінің күші жойылған.

Қарағанды облысының прокуратурасы инвесторларды қорғау мен ашық инвестициялық орта қалыптастыру қадағалау қызметінің басым бағыты болып қала беретінін атап өтті.

Прокуратура әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды 7 (701) 544-08-59 және 115 call-орталығына хабарласуға шақырды.

Айта кетейік, өңірдегі Топар МАЭС-іне атмосфераға шығарылған зиянды заттар үшін айыппұл салынды.