Қарағанды облысында көпқабатты тұрғын үйден өрт шықты

Фото: Видеодан скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Өрт сөндірушілер 4 адамды құтқарды, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі. 

Түнде Қарағанды облысының Саран қаласында үш қабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы пәтерден өрт шықты.

Жалын тұрмыстық заттар мен жиһазды, сондай-ақ балкондағы пластик терезені шарпыды. Өрттің жалпы аумағы шамамен — 7 шаршы метр.

Оқиға орнына жедел жеткен ТЖМ құтқарушылары баспалдақ маршы арқылы 4 адамды, оның ішінде 2 баланы эвакуациялап, үй ішінде қалған мысықты құтқарды. Өртті сөндіру барысында балконнан екі газ баллоны шығарылып, жарылыстың алдын алды. Өрт толығымен сөндірілді.

— Жедел жәрдем бригадасы үшінші қабаттағы тұрғынды ауруханаға жеткізді. Жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, Қостанай облысында құтқарушылар өрт кезінде екі адамды аман алып шықты.