Қарағанды облысында мамыр айында күн райы қалай болады

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Синоптиктердің болжамынша, Қарағанды облысында мамыр айы әдеттегіден жылы, алайды құбылмалы болады. Алдағы апталарда температура күрт ауытқып, найзағай ойнап, екпінді жел соғып, кей күндері түнде үсік жүруі мүмкін.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Синоптиктердің болжамына сәйкес, мамыр айындағы орташа ауа температурасы 13,9 бен 18,5 градус аралығында болады. Бұл көпжылдық климаттық нормадан 1–1,5 градусқа жоғары. Әдетте осы кезеңде облыс бойынша орташа температура 12,2-ден 17,4 градусқа дейін жетеді.

Айдың алғашқы онкүндігінде өңірде күн біртіндеп жылына бастайды. Түнгі уақытта ауа температурасы 0… 5 градустан 12… 17 градусқа дейін көтеріледі. Дегенмен онкүндіктің басында облыстың солтүстік аудандарында -5 градусқа дейін үсік сақталуы мүмкін. Ал оңтүстік бөлікте түнгі температура 10 градусқа дейін жетеді.

Күндіз ауа 14… 19 градустан 26… 31 градусқа дейін ысиды. Алайда алғашқы онкүндіктің соңына қарай өңірде күн салқындауы ықтимал.

Мамырдың екінші онкүндігінде облысқа тағы да ыстық ауа толқыны келеді. Түнгі температура 5… 10 градустан 16… 21 градусқа дейін жоғарылайды. Ал күндіз ауа температурасы 19… 24 градустан 32… 37 градусқа дейін жетеді. Ең ыстық күндер облыстың солтүстік аудандарында болжанып отыр.

Одан кейін өңірде ауа температурасы қайта күрт төмендейді. Түнде ауа 2… 7 градусқа дейін салқындап, кей жерлерде топырақ бетінде -2 градусқа дейін үсік жүруі ықтимал. Бұл кезеңде күндізгі температура 16… 21 градус шамасында болады.

Үшінші онкүндікте де ауа райы құбылып тұрады. Түнгі температура 11… 16 градустан 1… 6 градусқа дейін төмендейді. Кей аудандарда топырақ бетінде -2 градусқа дейін үсік болуы мүмкін. Ал күндіз ауа температурасы 25… 30 градустан 13… 18 градусқа дейін төмендейді. Облыстың оңтүстігінде түнде 7 градусқа дейін, күндіз 22 градусқа дейін жылы болады.

Ай соңына қарай өңірде күн қайта жылынады деп күтілуде. Түнгі температура 7… 12 градусқа дейін көтеріледі, ал облыстың оңтүстігінде 18 градусқа дейін жетеді. Күндіз ауа 25… 30 градусқа дейін ысиды.

Мамыр айында Қарағанды облысының басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейден төмен болады деп болжанып отыр. Тек өңірдің шеткі солтүстік-шығыс бөлігінде жауын-шашын көлемі көпжылдық орташа көрсеткішке жуық болады. Климаттық деректерге сәйкес, мамыр айындағы жауын-шашын нормасы 9 бен 37 миллиметр аралығын құрайды.

Жаңбыр мен найзағай бірінші және екінші онкүндіктердің соңында, сондай-ақ үшінші онкүндіктің ортасында күтіледі. Сонымен қатар синоптиктер шаңды дауыл болуы мүмкін екенін де ескертті. Мұндай құбылыс бірінші онкүндіктің басында, екінші онкүндіктің ортасында және үшінші онкүндіктің соңында байқалуы ықтимал.

Секундына 15–20 метрге дейін жететін екпінді жел бірінші онкүндіктің ортасы мен соңында, екінші онкүндіктің соңында, сондай-ақ үшінші онкүндіктің басы мен соңында соғуы мүмкін.

Осыған дейін Қазақстан қалаларындағы ауаның сапасы туралы жаздық.