Қарағанды облысында мәслихат сайлауына 600-ден астам кандидат тіркелді

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысында мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркеу науқаны аяқталды. Өңір бойынша 196 бірмандатты сайлау округі құрылып, олардың әрқайсысында депутаттық орынға кемінде үш үміткерден бақ сынамақ.

Фото: Kazinform

Бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша барлығы 612 кандидат тіркелген. Оның 54-і облыстық мәслихатқа, 301-і қалалық, 257-сі аудандық мәслихаттарға депутат болуға ниетті.

Кандидаттарды ұсыну 2026 жылғы 14-27 қазан аралығында жүргізілді. Осы кезеңде облыс бойынша бірмандатты округтерден 672 адам өз кандидатурасын ұсынған. Атап айтқанда, облыстық мәслихат депутаттығына — 58, қалалық мәслихаттарға — 341, аудандық мәслихаттарға 273 кандидат ұсынылды.

Сайлау комиссияларының мәліметінше, тіркеу кезеңінде 54 кандидат өз кандидатурасын қайтарып алған. Тағы алты үміткерге тіркеуден бас тартылып, екі кандидаттың тіркеу күші жойылған.

Осылайша, бір депутаттық мандатқа орта есеппен 3,1 кандидаттан келеді. Айта кетерлігі, өңірдегі бірде-бір сайлау округінде кандидаттар саны үштен кем емес.

Бірмандатты округтермен қатар облыстық мәслихат депутаттығына партиялық тізім бойынша да кандидаттар ұсынылды. Бұл жолы алты саяси партия өз тізімдерін ұсынып, оған барлығы 81 адамды енгізген. Атап айтқанда, «Байтақ», Respublika, «Әділет», «Ауыл», «Ақ жол» партияларының және Қазақстан Халық партиясының облыстық филиалдары сайлау науқанына қатысады.

Партиялық тізімдегі кандидаттар саны бойынша «Әділет» партиясы алдыңғы орында. Бұл партиядан 38 адам ұсынылса, «Ауыл» партиясының тізімінде 12 кандидат бар. Respublika мен Қазақстан Халық партиясы 11 адамнан ұсынған. Ал «Ақ жол» партиясының тізіміне бес, «Байтақ» партиясының тізіміне төрт кандидат енгізілген.

Саяси партиялардың барлық алты тізімі тіркеуден өткен. Олардың барлығы заңнама талаптарына сай келеді, әйелдер мен жастарға арналған квота сақталған. Ұсыну кезеңінен кейін партиялық тізімін кері қайтарып алған саяси күштер жоқ. Партиялық тізім бойынша бір депутаттық мандатқа орта есеппен 4,5 үміткерден келеді.

Кандидаттарды тіркеу туралы мәліметтер Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, сайлау комиссияларының интернет-ресурстарына орналастырылды.
Сайлау комиссияларының хабарлауынша, науқанның барлық кезеңі заңнама талаптары мен бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес өткізіліп жатыр. Тіркеу кезеңінде сайлау комиссиясына бір өтініш түскен. Өтініш иесіне заңда белгіленген мерзімде жауап берілген.

Бұған дейін 29 қарашада өтетін мәслихат сайлауын ұйымдастыруға және өткізуге 35,8 млрд теңге қарастырылатыны туралы ОСК мүшесі Михаил Бортник мәлімдеген болатын.