Мәслихат сайлауын өткізуге қанша қаражат бөлінеді
АСТАНА. KAZINFORM — 29 қарашада өтетін мәслихат сайлауын ұйымдастыруға және өткізуге 35,8 млрд теңге қарастырылады. Бұл туралы ОСК мүшесі Михаил Бортник мәлімдеді.
Оның айтуынша, сайлауды өткізуге арналған бюджет көлемі Қаржы министрлігімен және Ұлттық экономика министрлігімен келісілген.
— Атап айтқанда, алдағы мәслихат сайлауының ауқымы биыл тамыз айында өткен Құрылтай сайлауымен шамалас. Сонымен қатар, сайлау процесіне қосымша 3 022 округтік сайлау комиссиясы тартылады. Бұл — 15 110 сайлау комиссиясының мүшесі, — деді Михаил Бортник.
Оның сөзінше, бұрынғы сайлаулардағыдай, бөлінген қаражаттың басым бөлігі комиссия мүшелерінің еңбекақысын төлеуге бағытталады. Атап айтқанда, жалпы бюджеттің шамамен 70 пайызы осы мақсатқа жұмсалмақ.
Бұдан бөлек, 3 113 бірмандатты округте сайлау өткізуге байланысты қосымша шығындар қарастырылған.
Сондай-ақ кандидаттарды тіркеу жұмыстарына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.
— Осының барлығын ескере отырып, сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге қажетті жалпы қаражат көлемі 35 млрд 800 млн теңгені құрады, — деп атап өтті ол.
Айта кетейік, мәслихат сайлауына Қазақстанда 10 971 кандидат тіркелді.