Қарағанды облысында заңсыз берілген үш орман алқабы мемлекетке қайтарылды

Фото: Қарағанды облысының прокуратурасы

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қарағандыда жерді қайтару бойынша шаралар қабылданып, экология саласындағы қылмыстық іс бойынша тергеу басталды. Бұл туралы Қарағанды облысының прокуратурасында экология саласындағы заңдылықтың сақталу мәселелері бойынша өткен алқа отырысынан мәлім болды.

Отырысты ашқан облыс прокуроры Бауыржан Мырзакеров өңір үшін экологиялық қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын атап өтті.

Прокуратура жүйелі шешімдерді талап ететін табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың елеулі фактілерін анықтады. Атап айтқанда, жүздеген миллиард теңгеге шығын келтірген заңсыз карьерлердің жұмысын тоқтату бойынша шаралар жүргізілді. Анықталған фактілердің бірі бойынша іс қозғалып, 500 миллион теңгенің мүлкі тәркіленді.

Орман және су заңнамасын қорғауға ерекше көңіл бөлінеді. Прокурорлар жеке меншікке заңсыз берілген үш орман алқабын қайтарды, олардың құны 340 миллион теңгені құрады.

Отырыс барысында жер қойнауын пайдалану саласындағы рұқсат беру рәсімдерін жетілдіру, тазарту құрылғыларын жаңғырту және қоқыс полигондарын жою мәселелері қаралды.

- Алқа қорытындысы бойынша уәкілетті органның атына прокурорлық қадағалау актісі енгізілді. Экологиялық жағдайды жақсартуға, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын нығайтуға және өңірдің табиғи ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған ұсыныстар әзірленді, - делінген хабарламада.

Осыған дейін Қарағанды облысында прокуратура араласқаннан кейін 9 ауыл таза суға қол жеткізгені туралы жаздық.