Қарағанды облысында жыл соңына дейін 500 мың шаршы метр тұрғын үй салынады
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл соңына дейін өңірде 500 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мәлімдеді.
Облыс басшысының айтуынша, жалпы 9 айда 380 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
«Жыл соңына дейін 500 мың шаршы метр салынады. Мемлекеттік қолдау шараларын пайдалана отырып, ауылдарда құрылысты белсенді жүргізетін бизнестің рөлін ерекше атап өткім келеді. 55 мың шаршы метр немесе 755 пәтер салынды», - деді әкім.
Бұдан басқа, ТКШ саласында 31 млрд теңге сомаға жылумен жабдықтау бойынша 14 жоба іске асырылуда, оның ішінде, облыс орталығында, Балқашта, Теміртауда, Шахтинскіде 17 км магистральдық жылу желісі салынды.
«Қарағандыда жылу қуаты тапшылығы мәселесін үшінші жылу шығарғышын салу арқылы шешілді. Бұл облыстағы соңғы 30 жылдағы ТКШ-дағы ең ірі жоба. Алдағы жеті жылда үшінші жылу шығарғыш 1,2 млн шаршы метр тұрғын үйді, яғни 20 мыңнан астам жаңа пәтерді жылумен қамтамасыз етеді», - деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Биыл 14 ауылдың 1500 тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. 7 621 үйге газ желілері тартылды, оның 3 573-і газға қосылды.
Бұған дейін облыс әкімі Саранда жаңадан салынған жылу қазандығы неге толық жұмыс істемей тұрғанын түсіндірген еді.