Қарағанды облысында маргарин зауыты мен құс фабрикасында болған екі топтық өндірістік жазатайым оқиға тергеліп жатыр.
Қарағанды облысының Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, маргарин зауыты аумағында жұмыс барысында теміржол құрамы жылжып кетіп, автокөлікке орнатылған контейнерге соғылған. Соның салдарынан көлік құралы орнынан жылжып, контейнер оның жанында тұрған екі жұмыскерді контейнерлер қатарына қысып қалған. Екі жұмысшы да алған жарақаттарынан көз жұмды.
— Аталған жазатайым оқиға бойынша болған жағдайдың мән-жайы мен себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды, — деп хабарлады департаментте.
Екінші жазатайым оқиға құс фабрикасында болды. Еңбек инспекциясының мәліметіне сәйкес, биогаз қондырғысының компрессорлық бөлмесінде жиналып қалған газ тұтанып, кейін өрт шыққан. Салдарынан үш қызметкер түрлі дәрежедегі термиялық күйік алды. Кейін олардың бірі ауруханада қайтыс болды, ал қалған екеуі ем қабылдап жатыр.
— Оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтау үшін бұл дерек бойынша да арнайы комиссия құрылды, — деп атап өтті ведомствода.
Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, екі оқиға бойынша да қылмыстық істер қозғалды.
— Маргарин зауытындағы оқиға бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігімен, ал құс фабрикасындағы жазатайым оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 156-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оқиғалардың барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін Баянауыл ауданындағы «Майкүбен Вест» АҚ аумағында бұрғылау-жару жұмыстары кезінде 1984 жылғы тау-кен шебері ауыр жарақат алып, көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз.