Қарағанды облысындағы кәсіпорынға 8,65 млн теңге айыппұл салынды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысындағы «Қарағайлы» байыту фабрикасында жүргізілген тексеру барысында экологиялық заңнама талаптарының бірнеше бағыт бойынша бұзылғаны анықталды. Кәсіпорынға анықталған кемшіліктерді жою туралы нұсқама беріліп, оның орындалуы бақылауға алынды.

Фото: Kazakhmys Telegram арнасы

Қарағанды облысының Экология департаменті «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің «Қарағайлы» байыту фабрикасына жоспарлы тексеру жүргізді.

Тексеру барысында мамандар атмосфералық ауаны қорғау, қалдықтарды басқару және өндірістік қызмет салаларындағы талаптардың бұзылғанын анықтады.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға қатысты әкімшілік шаралар қабылданды. Салынған айыппұлдардың жалпы көлемі 2 мың АЕК-ті, яғни 8 млн 650 мың теңгені құрады.

Айыппұл қысқартылған тәртіппен төленген жағдайда оның мөлшері 4 млн 325 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар кәсіпорынға анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Экология департаменті нұсқаманың орындалуын бақылауды жалғастырады.

Бұған дейін Қарағандыдағы аэрация станциясында тазартылған ағынды сулар құрамындағы ластаушы заттардың рұқсат етілген концентрациядан асып кеткені анықталып, жоспардан тыс тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға 10 млн теңгеге жуық айыппұл салынғанын хабарлаған болатынбыз.