Туризм және спорт министрлігі жанындағы өңірлік спорт басқармаларының басшыларын тағайындау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиында Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы лауазымына ұсынылған кандидатура қаралды.
Талқылау қорытындысы бойынша комиссия мүшелері Алматы облысының олимпиадалық резерв даярлау орталығының басшысы Нұркен Нұратовтың кандидатурасын мақұлдады.
Үміткердің спорт саласындағы кәсіби тәжірибесі, басқарушылық қабілеті және өңір спортын дамытуға қатысты ұстанымы комиссия тарапынан жан-жақты зерделеніп, оң шешім қабылданды.
Кандидаттарды жергілікті атқарушы органдар ұсынады, ал тағайындау тек ҚР Туризм және спорт министрлігі жанындағы комиссияның мақұлдауынан кейін жүзеге асырылады.
Еңбек жолын 2007 жылы бастаған. Әр жылдары дзюдо бойынша жаттықтырушы, Орталық спорт клубының спорт комитеті филиалында жаттықтырушы-оқытушы, сондай-ақ №9 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде стендтік ату бойынша жаттықтырушы және Астана қаласы Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты гандбол клубында жаттықтырушы қызметтерін атқарған.
Кейін басшылық қызметтер атқарған: Алматы облысындағы «Жетісу-Сұңқар» кәсіби футбол клубы директорының орынбасары, Қапшағай қаласындағы облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, сондай-ақ облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің басшысы қызметтерін атқарды.
Қарағанды облысына тағайындалғанға дейін Алматы облысының Олимпиадалық резервтерді даярлау орталығын басқарды.
Нұркен Нұратов Қазақ спорт және туризм академиясын «дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдап, осы бағытта педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесін алған.
Айта кетелік Қарағандыда Серік Сәпиевке қатысты жанжал бойынша тергеу жүргені туралы жазған едік. Кейін Қарағанды облысының спорт басқармасындағы жанжалға қатысты тексеріс басталған еді. Серік Сәпиев Қарағандыдағы резонансты оқиғадан кейін қызметінен кеткен еді.
Кейін Серік Сәпиев орынбасарымен болған жанжалға нүкте қойған еді.
Еске салсақ, Kazinform агенттігі жаңа «Дерекқор» жобасын іске қосты.