Істі Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабының 1-бөлігі бойынша қарады.
Сот тергеуі барысында анықталғандай, сотталушы бірнеше жыл бойы жыртқыш құстармен саятшылыққа қызығушылық танытқан. 2017 жылы ол Instagram әлеуметтік желісінде дәстүрлі аңшылық туралы жарияланымдар орналастыратын парақша ашқан. Сондай-ақ онда жыртқыш құстарды ұстау, күтіп-баптау және емдеу туралы ақпарат айтып отырған.
2017 жылдан 2026 жылғы 5 ақпанға дейінгі кезеңде ер адам қажетті рұқсат құжаттары болмағанына қарамастан, анықталмаған тұлғалардан 35 жыртқыш құсты заңсыз сатып алған.
Сараптама нәтижесінде 31-і ителгі, біреуі сұңқар, екеуі бүркіт және біреуі қаршыға тәркіленгені анықталды.
Сот отырысы барысында сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне шын жүректен өкінетінін білдірді.
Мемлекеттік айыптау тарапы оған бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды, сондай-ақ үш жыл мерзімге сирек кездесетін жануарлар түрлеріне қатысты қызметпен айналысуына тыйым салуды сұрады.
Ал қорғау тарапы сотталушыға рақымшылық жасау туралы актінің талаптарын қолдануды өтінді.
Жаза тағайындау кезінде сот бірқатар жеңілдететін мән-жайды ескерді. Олардың қатарында кінәсін толық мойындауы, шын жүректен өкінуі және асырауында төрт кәмелетке толмаған баласының болуы назарға алынған. Сот жауапкершілікті ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ.
Нәтижесінде ер адамға бір жыл алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар оған бір жыл мерзімге сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлар түрлеріне, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған жануарларға қатысты қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Сонымен бірге сот айыпталушыға «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды қолданды. Осыған байланысты ер адам негізгі жаза түрі — бас бостандығын шектеуден босатылды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Қазақстанның құсбегілік федерациясының мүшесі Қызыл кітапқа енгізілген құстарға арналған заңсыз тәлімбақ ұйымдастырғаны хабарланған болатын.