Қарағандыда аязды күні нәрестені далаға тастап кеткен еркек пен әйел табылды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағандыда полиция қызметкерлері жаңа туған нәрестені көшеде қалдырып кетті деген күдікпен қаланың екі тұрғынын ұстады.

Фото: polisia.kz

 Полиция қызметкерлері жүргізген кешенді жұмыс нәтижесінде жас нәрестені далада тастап кету дерегі бойынша күдікті 29 жастағы ер адам мен 22 жастағы азаматша ұсталды. Қазіргі уақытта оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр, — деп хабарлады Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ернат Қалиақпаров.

Ұсталғандар баланың ата-анасы ма, жоқ па — әлі белгісіз.

Полиция тергеу құпиялығына байланысты өзге ақпаратты жарияламады.

Фото: Қарағанды облысы ПД

Естеріңізге сала кетейік, 24 ақпан кешке Қарағанды тұрғыны көпқабатты үйдің кіреберісінен жаңа туған нәрестені тауып алған болатын.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасында хабарлағандай, шақалақтың жағдайы жақсы.

Балалар үйіне тапсырылған.