Қарағандыда есірткі таратумен айналысқан 19 жастағы тұрғын ұсталды

Фото: polisia.kz

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағандыда есірткіні жасырын қойып кетуші қылмыс үстінде қолға түсті. 

Polisia.kz-тің мәліметінше, Қарағанды облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде есірткі заттарын заңсыз таратты деген күдікпен ауылдық елді мекен тұрғынын ұстаған. Құқық қорғау органдарының өкілдері жедел ақпарат негізінде аталған операцияны жүзеге асырған. 

Жас жігіт есірткі заттарын жасырып жатқан сәтінде қылмыс үстінде қолға түсті. Жеке тінту барысында одан есірткі заты бар екі орама тәркіленді. Тергеу барысында күдіктінің қала аумағының әртүрлі бөліктерінде осындай 18 ораманы жасырғаны анықталды. Ұсталған азаматтың телефонынан табылған куратормен жазысқан хат-хабарлардағы мәліметтердің көмегімен полиция қызметкерлері жасырылған орындардан тағы 13 ораманы тауып, тәркіледі.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат эфедрон екені белгілі болды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Күдікті тергеу іс-шаралары аяқталғанға дейін қамауға алынды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Жамбыл облысында шекарадан 30 келі есірткі алып өтпек болған шетелдік ұсталды.