Қарағандыда қоғамдық қауіпсіздікті робот-ит күзетіп жүр

АСТАНА. KAZINFORM – Қарағанды қаласында қоғамдық тәртіпті бақылауға арналған робот-ит пилоттық режимде сынақтан өткізіліп жатыр.

Фото: Polisia.kz. 

Жоба қоғамдық орындарды патрульдеу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған.

Мамандардың айтуынша, заманауи құрылғы бейнебақылау және бейнеталдау жүйелерімен жабдықталған. Робот адамдардың жүзін танып, іздеуде жүрген немесе хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды дерекқор арқылы анықтай алады.

«Сонымен қатар кешен автокөліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тіркеп, алынған ақпаратты операторларға жібереді», – делінген хабарламада.

Робот тәуліктің кез келген уақытында жұмыс істеуге бейімделген. Ол жарық шамдарымен, арнайы сигналдармен және дауыс зорайтқышпен жабдықталған. Сондай-ақ әртүрлі жылдамдық режимінде қозғалып, патрульдеу жүргізе алады.

Сынақ жұмыстары Қарағанды қаласының Орталық саябағында өткізілді. Жаңа технология қала тұрғындарының қызығушылығын тудырған.

Тестілеу кезеңі аяқталғаннан кейін мамандар жүйенің тиімділігін бағалап, оны одан әрі пайдалану мәселесін қарастырады.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда қоғамдық қауіпсіздікті робот-иттер күзететіні хабарланды.