Қарағандыда Құрбан айт кезінде құрбан шалынатын арнайы орындар белгіленді

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысында Құрбан айт күндері құрбан шалу рәсімін өткізуге арналған арнайы алаңдар бекітілді. Өңірде мерекелік бағдарлама діни рәсімдермен бірге мәдени іс-шаралармен және қашықтан қатысуға мүмкіндік беретін онлайн-сервистермен қатар өтпек.

Фото: Қарағанды облысы ҚМДБ

Биыл Құрбан айттың бірінші күні 27 мамырға сәйкес келіп отыр. Қарағанды облысында тұрғындардың құрбандық шалу рәсімін орындауына арналған арнайы орындар алдын ала анықталған.

Қарағанды облысының бас имамы Естай Әбдіғали бұл рәсімнің терең рухани мәні бар екенін атап өтті.

— Құрбан шалу адамды руханиятқа жақындатады. Мүмкіндігі бар адам үшін бұл — міндетті амал, алайда жағдайы келмегендерге ол жүктелмейді, — деді ол.

Оның айтуынша, өңірде айт намазы 27 мамыр күні таңғы сағат 06:30–да оқылады. Намаздан кейін облыстық «Әнет баба» мешітінің ауласында ұлттық спорт ойындары мен Qurban Fest — 2026 отбасылық мерекесі ұйымдастырылады. Қонақтарға балалар алаңдары, аниматорлар, фото аймақтар және жәрмеңке ұсынылады.

Фото: Қарағанды облысы ҚМДБ

Сонымен қатар облыстың қалалары мен аудандарында мешіт аумақтарында киіз үйлер тігіліп, рухани-мәдени іс-шаралар өтеді.

Қарағанды қаласында құрбан шалу рәсімі өтетін арнайы орындар белгіленді:

* Резник көшесі, 18;
* Н. Гоголь көшесі, 2/23 («Арай KZ»);
* С. Сейфуллин көшесі, 53.

Бұдан бөлек, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға етті бөлу және жеткізу бойынша арнайы штаб жұмыс істейді.

«Әнет баба» мешітінің наиб имамы Данияр Кемербаев құрбан шалу тек айт намазынан кейін ғана орындалатынын еске салды.

Фото: Қарағанды облысы ҚМДБ

— Ислам адамға шамадан тыс ауырлық жүктемейді, сондықтан құрбандық үшін несие алу немесе отбасын қиын жағдайға қою дұрыс емес. Егер рәсім намаздан бұрын жасалса, ол қабыл болмайды. Ал етті өз отбасына қалдыруға болады, бірақ оны туыстарға және мұқтаж жандарға тарату — сауапты іс, — деді ол.

Сондай-ақ онлайн режимде қашықтан құрбан шалу қызметі жұмысын жалғастырады — QURBAN.MUFTYAT.KZ (https://qurban.muftyat.kz). Қызмет ақысын Kaspi QR арқылы төлеуге болады, кейін рәсімнің орындалғаны туралы есеп ұсынылады.

Еске салсақ, Астанада Құрбан айтта мал сойылатын бес орын белгіленді.