Қарағандыда Топар МАЭС-іне 8 млн теңгеден астам айыппұл салынды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Тексеру барысында ағын сулармен және өндірістік қалдықтармен жұмыс істеу кезінде бірқатар заң бұзушылық анықталды. Кәсіпорынға анықталған кемшіліктерді жою туралы нұсқамалар беріліп, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 8 млн теңгеден асты.

Фото: Қарағанды облысының экология департаменті

Қарағанды облысы бойынша экология департаменті «Топар МАЭС» ЖШС-не жоспарлы тексеру жүргізді.

Тексеру барысында ағын сулар құрамындағы мұнай өнімдерінің мөлшері бойынша белгіленген нормативтің асып кеткені анықталды. Рұқсат етілген көрсеткіш 0,054 мг/дм³ болса, нақты көрсеткіш 0,169 мг/дм³ болған.

Сондай-ақ мамандар қалдықтарды жинақтау және сақтау кезінде бірқатар заң бұзушылықты анықтады. Атап айтқанда, пайдаланылған майларға арналған герметикаланбаған ыдыстар, майлы сұйықтықтардың төгілуі, әртүрлі қалдық түрлерінің бірге жинақталуы және қалдықтардың бұл мақсатқа арналмаған орындарға орналастырылуы секілді ереже бұзу фактілері тіркелді.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді.

Жалпы сомасы 8 021 492 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Бұған дейін Балқаш мыс қорыту зауытына 6,3 млн теңге айыппұл салынғаны хабарланған болатын.