Бұл технология әсіресе шала туған нәрестелерді күтіп-баптайтын бөлімше үшін маңызды. Өйткені олардың жағдайы қысқа уақыт ішінде өзгеруі мүмкін. Сондықтан жүрек соғысын, тыныс алуын және қандағы оттегі деңгейін үздіксіз бақылаудың маңызы зор.
Бұған дейін медицина қызметкерлері медициналық жабдықтардағы көрсеткіштерді өздері тексеріп, құжаттарға қолмен енгізуге мәжбүр болатын. Енді бұл жұмысты цифрлық жүйе атқарады. Реанимациялық орындарға орнатылған датчиктер негізгі көрсеткіштерді тіркеп, мәліметтерді автоматты түрде электрондық базаға жібереді.
Дәрігерлер пациенттің қазіргі көрсеткіштерін ғана емес, олардың уақыт өте келе қалай өзгергенін де көре алады. Бұл баланың белгілі бір кезеңдегі жағдайын бағалауға және ықтимал ауытқуларды дер кезінде байқауға мүмкіндік береді.
Жүйенің тағы бір мүмкіндігі — жиналған деректерді талдап, науқас жағдайының нашарлауы мүмкін екенін білдіретін белгілерді анықтау. Дегенмен цифрлық құралдар дәрігерлерге көмекші қызметін ғана атқарады. Пациенттің жағдайын бағалау және медициналық шешім қабылдау бұрынғыдай дәрігерлердің құзыретінде қалады.
Қарағанды облысының цифрландыру басқармасының мәліметінше, әзірге жоба № 2 перинаталдық орталықта пилоттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта осындай жүйені өңірдегі тағы 14 медициналық ұйымға енгізу жоспарланған.
Жалпы, цифрлық мониторинг жүйесімен 179 реанимациялық орынды жабдықтау көзделген. Олардың қатарында облыстық клиникалық аурухана, Кардиологиялық орталық, Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Саран және Приозерск қалаларындағы көпбейінді ауруханалар, сондай-ақ аудандық медициналық мекемелер бар.
Көрсеткіштердің автоматты түрде берілуі медицина қызметкерлерінің құжат толтыруға жұмсайтын уақытын қысқартады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар пациенттердің жағдайын үздіксіз бақылау олардың денсаулығындағы өзгерістерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұған дейін Көкшетау қаласындағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігерлері Астана — Петропавл тасжолында болған жантүршігерлік жол апатынан кейін жаңа туған нәресте қыздың өмірін сақтап қалған еді.