Көкшетауда дәрігерлер жол апатына түскен жаңа туған сәбидің өмірін сақтап қалды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Исмайыловтар отбасы 7 қарашада перзентханадан үйлеріне қайтып келе жатып, Астана – Петропавл тасжолында жол апатына ұшыраған. Небәрі төрт күндік сәби ауыр жарақат алып, екі апта бойы Ақмола облыстық балалар ауруханасында емделді. Дәрігерлердің арқасында нәресте аман қалып, 20 қарашада үйіне шығарылды.

р
Фото: Kazinform

Жол-көлік оқиғасы автожолдың 312-шақырымында сағат 16:00 шамасында болған. Руслан Исмайыловтың айтуынша, жүк көлігі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, екі жеңіл автокөлікпен соқтығысқан. Апаттан кейін ол бірден жақындарын көліктен алып шығуға кіріскен.

– Сол сәтте барынша сабыр сақтауға тырыстым. Бірден көлікке жүгіріп барып, жақындарымды сыртқа шығара бастадым. Көлік өртеніп кете ме деп қорықтым. Ол кезде апаттың салдары осыншалық ауыр болатынын түсінген жоқпын. Жақындарыңды осындай күйде көру өте ауыр. Мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін, – дейді Руслан Исмайылов.

Оқиға орнына жедел жәрдемнің екі бригадасы жеткен. Нәресте шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, анасы жансақтау бөліміне жатқызылған. Дәрігерлер сәбидің жағдайы өте ауыр екенін бірден ескерткен.

Юлианна ауруханаға аса ауыр жағдайда түскен. Дәрігерлер оның бас-ми жарақатын алғанын, білегі сынғанын анықтаған. Сондай-ақ бұғанасына ота жасауға тура келген.

– Қызымыз екі аптадай комада жатты. Өмірге келгеніне небәрі бірнеше күн болған сәбидің осындай ауыр апатқа тап болғанын ойлаудың өзі қиын. Оның қандай жағдайды бастан өткергенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, – дейді әкесі.

Екі апта бойы дәрігерлер сәбидің жағдайын жіті бақылап, неврологиялық жай-күйін, тыныс алуын және өмірлік маңызды ағзаларының жұмысын тексеріп отырған.

Аурухана мәліметінше, уақыт өте келе нәрестенің жағдайы тұрақтала бастаған. Оң өзгерістер байқалған соң, ол жансақтау бөлімінен бейінді бөлімшеге ауыстырылған.

20 қарашада Юлианна үйіне шығарылды. Сәбидің анасы Мария осы қиын кезеңде қызының өмірі үшін күрескен дәрігерлер мен мейірбикелерге алғысын білдірді.

– Отбасымыздың атынан облыстық балалар ауруханасының бүкіл ұжымына шексіз алғыс айтқым келеді. Кәсібилігі мен қамқорлығы, бізге үміт сыйлағаны үшін рақмет. Медицина қызметкерлерінің қызымызға өз баласындай қарағаны бізді ерекше тебірентті. Жансақтау бөлімінде одан бір сәт те көз жазбай, жанынан табылды. Кейбір дәрігерлер тіпті отбасымен өткізетін уақытын қиып, ауруханада қалған. Олардың еңбегіне деген алғысымызды сөзбен жеткізу мүмкін емес, – дейді Мария.

Қазір сәбидің жағдайы едәуір жақсарған. Дегенмен алда оңалту шаралары, қайталама тексерулер мен дәрігерлердің бақылауы күтіп тұр.

– Бүгін ауруханадан шығып, үйімізге қайтамыз. Жансақтау бөлімінің бүкіл ұжымына алғысым шексіз. Жұмыс орнымдағы әріптестеріме де ризамын. Олар бізге материалдық жағынан да, моральдық тұрғыдан да қолдау көрсетті. Қиын сәтте хабарласып, жағдайымызды сұрап, қызымыз үшін дұға еткен барша қала тұрғынына рақмет. Біз қызымыздың аман қалатынына сендік, үмітімізді үзбедік. Бүгін қызымыз жанымызда. Енді үйге бірге қайтамыз, – дейді Руслан Исмайылов.

Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, жол апатына Volvo маркалы жүк көлігі, Hyundai Genesis және Lada Granta автокөліктері қатысқан.

– Жол-көлік оқиғасы салдарынан Hyundai Genesis автокөлігінің жүргізушісі мен төрт жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша процестік шешім қабылданады, – деп хабарлады полиция департаменті.

Ведомство жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға, белгіленген жылдамдық режимінен аспауға және жолда мұқият болуға шақырды.

Бұған дейін 18 қарашада Ақмола облысының тасжолдарында үш бірдей жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан алты адам көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз.